Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орны
Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі – Мырзашөл өлкесіндегі жарты ғасырдан астам тарихы бар, оқу мен тәрбиеде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қара шаңырақ оқу орындарының бірі.
Оқу орны 1965 жылы 20 қыркүйекте Жетісай қазақ педагогикалық училищесі атауымен Өзбек КСР Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 7 шілдесіндегі №416 қаулысына сәйкес ашылды.1994 жылы Қазақстан Республикасы білім министрлігі алқасының 26 шілде күнгі №9 шешіміне сәйкес педагогикалық колледж, ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 8 мамырдағы №814 қаулысына сәйкес гуманитарлық колледж, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2013 жылғы 27 сәуірдегі №96 қаулысына сәйкес гуманитарлық–техникалық колледж мәртебесіне ие болды. Оқу орны оқытушылары мен студенттері Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаевтың жалынды ісінен жалындап, алдағы атқарар істеріне мол серпін, талмас қанат алады.
Білім ордасының алғашқы директоры Досаев Тайырхан оқу орнына білімді де білікті мамандарды жұмысқа қабылдап, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мектептерді сапалы жас мамандармен қамтамасыз ету ісін, оқу-әдістемелік кешенін, оқу-техникалық базасын нығайту ісін жүйелі жолға қойды. 1979-1986 жылдары басшы болған Өскенбаев Сағынтай оқу-тәрбие саласының дамуына сүбелі үлес қосса, 1986-2009 жылдары директорлық қызметін абыройлы атқарып, ұжымның береке-бірлігін арттырған педагогика ғылымдарының докторы, Жаратылыстану ғылымдар Академиясының мүше-корреспонденті Усманов Әбдіжәлил оқу орнындағы жас оқытушылардың ғылыммен шұғылдануына кең жол ашты. Сол мақсатта республикалық ғылыми–практикалық конференциялар ұйымдастырылды. 2001 жылы оқу орны республикада «Таңдаулы жыл колледжі» номинациясына ие болды. Колледждің атақ-абыройы республикалық деңгейде танылды. 2009-2010 жылдары Туғанбаев Мырзабек, 2010-2020 жылдар аралығында директор болған Сартаев Жүсіп оқу-техникалық базаны заманға сай қайта жарақтануына мол еңбек сіңірді. Бүгінде оқу орнына педагогика ғылымдарының кандидаты Баймаханова Ләззат Алғибайқызы басшылық жасап келеді. Ол өз ісінде ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, ағалар салған сара жолмен оқу орны абыройын жаңа белеске шығаруды көздейді.
Мырзашөл өңірі мектептерін сапалы мамандармен қамтамасыз ету мақсатында ашылған оқу орнының тарихы терең, жеткен жетістіктері орасан, абырой-беделі биік.
Жарты ғасырлық тарихында мұнда тәлімі тағылымды көптеген ұстаздар мен өнер қайраткерлері қызмет жасап, оқу орны тарихында өшпес із қалдырды. Атап айтқанда ұлағатты ұстаздар Мәжит Әбішев, Сапарбек Қарабеков, Раиса Көшкінбаева, Күлаш Шалбекова, Әнуар Жақыпбеков, Сүндет Жиенбаев, Арина Кушеева, Гүлжамал Исабекова, Ертаза Қосаев, Әбдірбек Мұсабековтердің, ақындар Әлібек Мейірбеков пен Мұхтар Құраловтардың, жазушы Сәрсенбек Ысқақовтың, сазгерлер Әріпжан Әміров пен Бөрі Исалардың , әнші Айжан Тәженовалардың тағы басқа да аты аталмай қалған жандардың тағылымдары теңіздей телегей. М.Мақатаевтың «Арулар» өлеңінің әнін жазған Абзал Балғынбаев осы оқу орнында қызмет жасаған. Қазіргі кездегі эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы мен Асан Пердешовтердің, Нұрсұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрының белді актері Жәнібек Мұсаев пен Шымкент театрының директоры Ғалымжан Қаппаровтардың колледж қабырғасында білім алып, өнер аспанына самғап ұшқанын оқу орны орынды мақтаныш етеді. 1991 жылы өткен республикалық «Қыз сыны» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Ләззат Ахатова да оқу орнымыздың түлегі болатын. Бүгінгі таңда педагогикалық ұжым құрамында танымал ақын Зікіра Қожаев сынды тәжірибелі ұстаздардың қызмет істейтіні–үзілмей келе жатқан дәстүр сабақтастығындай көрінеді.
Әр жылдарда оқу орны абыройын асқақтатқан «Үміт керуені» КВН тобы, «Таңшолпан» ұлттық этнографиялық ансамблі, «Жетісай сазы» оркестрі, «Аққу» халықтық би ансамблі – ауданымыздың ғана емес, облыс мақтанышына айналған болатын. Дарынды студент жастармен жұмыс жасаған «Маздақ» әдеби шығармашылық бірлестігі талай талапкер ақындар мен жазушылардың қанатын қатайтқаны ақиқат. Бұл өнер ұжымдары колледжде қазір де жұмыс жасау үстінде.
Абырой-беделі шарықтаған оқу орнында мемлекет қайраткері Д.Қонаев, Сенат төрағасы Ә.Кекілбаев, облыс әкімдері Б.Сапарбаев, Б.Жылқышиев, А.Мырзахметовтер, білім және ғылым министрлері Ж.Күлекеевтер, сазгер Ш.Қалдаяқов, ақындар Т.Молдағалиев, М.Шаханов, И.Сапарбаев, сатирик Көпен Әмірбек т.б. танымал тұлғалар қонақта болып, оқу-тәрбие саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Ақын Исрайл Сапарбаев осы сапарында «Жетісайда жеті жүз қыз бар десе, елең етпес, ере кетпес қай көңіл» деп қыздарымыздың асқан сұлулығы мен ақыл-парасатын тамылжыта жырға қосып еді.
Кейінгі жылдарда да оқытушыларымыз биік белестерді бағындырып, «Үздік колледж оқытушысы», «Үздік топ кураторы», «Жыл шебері» байқауларында да оқу орны мерейін тасытты. Шәкірттеріміз де түрлі шығармашылық байқауларда топ жарып жүр.
2019 жылдың 17-18 қаңтар аралығында «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN» чемпионатының талаптары негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша өткізілген «Үздік тәрбиеші – 2019» байқауында педагогика және психология пәнінің оқытушысы Зейнеп Апбазованың жетекшілігімен МДТ 15-9 тобының студенті Қыдыр Айдана ІІ орын иеленді. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Трикотаж, тоқыма, галантерея бұйымдары технологиясы» құзыреттілігі бойынша өткізілген «Үздік сәнгер – 2019» дефиле-байқауында колледж жүлделі 2-орынды иеленді.
2019 жылдың сәуір айының 18-і күні «WORLDSKILLS TURKESTAN-2019» облыстық чемпионатына үш құзыреттілік бойынша қатысып, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша педагогика-психология пәнінің оқытушысы Зейнеп Апбазованың жетекшілігімен МДТБ 16-9 тобының студенті Дана Хожан қатысып, 3-орынды жеңіп алды.
2019 жылдың сәуір айының 18-і күні «WORLDSKILLS TURKESTAN-2019» облыстық чемпионатына үш құзыреттілік бойынша қатысып, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша педагогика-психология пәнінің оқытушысы Зейнеп Апбазованың жетекшілігімен МДТБ 16-9 тобының студенті Дана Хожан қатысып, 3-орынды жеңіп алды.
2019 жылдың сәуір айының 18-і күні «WORLDSKILLS TURKESTAN-2019» облыстық чемпионатына ІТ саласы «Электронды техника» құзыреттілігінің Web дизайн бағыты бойынша информатика пәнінің оқытушысы Сара Маматқасымның жетекшілігімен КОШ 15-9 тобының студенті Нұрисламбек Мүташ, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» құзыреттілігі бойынша Адина Баязитованың жетекшілігімен МКБ 15-9 тобының студенті Әсел Аманқос қатысты.
2020 жылы «WORLDSKILLS TURKESTAN-2020» Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткізілген «Бастауыш сыныптарды оқыту» құзіреттілігі бойынша облыстық чемпионатта МБТ 16-9 тобының студенті Абдрашова Ақерке, жетекшісі Жүсіпбекова Мөлдір Убайдуллақызы жүлделі 3-орынға ие болып, III дәрежелі дипломмен марапатталды. «Мектепке дейінгі тәрбие құзыреттілігі» бойынша МДТ 17-1 тобының студенті Оспан Жансая, жетекшісі Апбазова Зейнеп Ергешқызы ерекше медальонға ие болды. Графикалық дизайн құзыреттілігі бойынша КББ 16-9 тобының студенті Хайрулла Абдусамат, жетекшісі Бекенова Жазира Мұхтарқызы да ерекше медальонға ие болды.
Дәстүр сабақтастығы үзілмеген, оқу мен тәрбиеде тағылымды, өнер мен білім беру саласында озық, тәжірибелі мамандарымен аты шыққан оқу орнының оқу-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған. Жас мамандардың шеберлігін шыңдау, студенттерге терең білім беру мақсатында 8 компьютер сыныбы, 2 лингафон, 4 зертхана, 5 шеберхана және арнайы пәндер оқытылатын 26 оқу кабинеті, жеке сабақтарға арналған 15 кабинет және жалпы білім беруге арналған 17 кабинет іске қосылған. Білім ұясындағы барлық кабинеттер интернет желісіне қосылған. Колледждің кітапхана қорында 110 000-нан асатын кітап қоры бар және жыл сайын толығу үстінде. Оның ішінде көркем әдебиет, оқу-әдістемелік оқулықтар, көмекші құралдар және электронды оқулықтар талапты шәкірттің талғамына жауап береді. Студенттерге арналған 490 орындық екі жатақханасы, оқу орны ауласында спорт алаңдары мен жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңшасы жастарға қызмет етеді.
Қазіргі таңда оқу орны «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дене тәрбиесі және спорт», «Кәсіптік білім беру», «Бастауыш білім беру», «Музыкалық білім беру», «Негізгі орта білім беру», «Әлеуметтік-мәдени қызметі және халықтық көркемдік шығармашылығы», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. 2020 жылдың желтоқсанында аталған барлық мамандықтар «Аккредиттеудің тәуелсіз Қазақстандық орталығы» КЕМ аккредитациядан сәтті өтті.
Колледж дайындайтын жас мамандар сұранысқа ие. Жыл сайын мектепті бітіруші жас түлектердің біздің оқу орнын таңдап, арманына қанат, мамандығына терең білім мен тәрбие алатынын өмірдің өзі дәлелдеп беру үстінде.