Тәжірибеде шыңдалған студент – ертеңгі білікті маман

СПОРТ
           Тәжірибеде шыңдалған  студент – ертеңгі білікті маман  
Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі «Өнер» бөлімінің «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының бітіруші МКБ 19-9  топ студенттері «Дипломалды практикасы» бойынша қорытынды есептерін қорғады.
Қорғауға «Дипломалды практикасынан» өткен , мол іс-тәжірибемен өндірістен оралған топтың барлық студенттері қатысып, өзінің тәжірибеде жинаған іс-дағдыларымен, жаңалығымен , өзі тіккен киім үлгілерінің жасалу технологиясымен бөлісті. Оқытудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, өндірістегі жұмыс сәтінен немесе тігін өндірісіне қатысты сызбаларымен , тіккен бұйымдарымен таныстырғанда , әрбірінің жүзінен мамандығына деген махаббаты көрініп тұрды. Тәжірибеде өзі істеген киім үлгісін түсіндіргенде , ақтарылып, шешендіктерімен танылды. Тәжірибенің мақсаты да сол - теорияда үйренген білімді тәжірибеде ұштап , нарық сұранысына сай киім үлгілерін даярлай білуге үйрету болса , әдіскері мен өндірістік тәжірибедегі тәлімгерлерінің әдістемелік көмегінің арқасында жаңаша көкжиекті бағындырғаны баршаны сүйсіндірді. Нарық сұранысы талаптарын да ұғына түскені байқалды. Бітіруші топ студенттері арасында А.Исаева , Ә.Шырынбек , Б.Бекбота сынды шәкірттеріміз қорғау кезінде жарқырай көрініп, келешекте өңірімізде жеңіл өнеркәсіп  саласы бойынша кәсіп ашып, өз саласында жетістікке жетер қабілеттіліктерімен танылды. Өз кезегінде қорғауға қатысып отырған директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары С.Аташов , бөлім меңгерушісі З.Есалиева және осы мамандықтың білікті оқытушылары Н.Серәлиева, А.Баязитова , Г.Сұлтановалар студенттерге сұрақтар қойып, шәкірттердің тәжірибеде шыңдалған білік-дағдысының  қаншалықты дәрежеде екеніне көз жеткізді. Жиын соңында оларға жұмыс берушілер талабы , нарық сұранысы , кәсіпкерлікпен жұмыс ашып, өздерін жұмыспен қамтамасыз ету жайы түсіндірілді.

Жалпы алғанда , «Дипломалды практикасынан» бітіруші студенттеріміздің шеберлігі толысып, жұртпен қарым-қатынас жасау шеберлігі артып оралғаны байқалды. Олардың сондай биіктен көрінуіне әдістемелік көмек көрсетіп, тәжірибелі де жауапты маман екенін дәлелдеген Р.Сейдәлиева ұстазымызға айтар алғысымыз мол. Алдағы уақытта өзінің іс-тәжірибесін сәтті қорғаған студенттер оқу орны бітірушілері арасында өткізілетін конференцияға қатыстырылса , топ студенттері осы мамандық бойынша кәсіп ашқан жұмыс берушілермен «Түлектер жәрмеңкесі – 2023» іс-шарасында кездесіп, өздерінің жұмысқа тұруға деген мүмкіндігін жақындата түседі. Біздер үшін біз дайындаған жас маман жұмысқа тұрып жатса , одан асқан кәсіби бақыт жоқ деп білеміз.