Өзіңнен өмірге азық ала бердім
Ұшырып мені алысқа қала бердің,
Бойымда отың кетті ұшқын атқан
Келеді жана бергім, жана бергім!
2022 жылдың 30 маусым күні Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық – техникалық колледжінің қабырғасында Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазылған, Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым, менің ұстазым» әні тағы да шырқалды. Себебі, сол күні колледжімізді бітіруші жас маман – түлектерімізге диплом табыстау мақсатында «Ақ жол, саған, жас маман» атты салтанатты мереке ұйымдастырылды. Мерекеге ұстаздармен қатар бітіруші түлектердің ата –аналары да қатысты.
Оқу орнының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Баймаханова Лаззат Алғибайқызы түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі. Білім мен өнердің сан қырынан жетістікке жеткен бітіруші шәкірттерімізге және олардың ата – аналарына алғысын білдірді.
Жас маман түлектеріміз ұстаздарына деген қимас сезімдерін, ыстық ықылас, алғыстарын ән мен би арқылы жеткізді. Өз кезегінде ата – аналар ұстаздар еңбегін дәріптеп, ризашылығын білдірді.
Мәртебелі мамандық иесі атанған түлектерімізге жаңа Қазақстанның белсенді азаматтары болыңдар! Сапарларың сәтті, жолдарың ақ болсын деп тілейміз!










