Адамзат қоғамы алға жылжып дамыған сайын өмірімізге жаңа көзқарастар еніп, тіршілігімізді жаңа сапаға көтеріп келеді. Қалыптасқан жаңа үрдіс, дағдылар өзгеше ұстанымдарымызды қалыптастырып, қоғамдағы өз орнымызды сезінуге, сол арқылы қоршаған ортамызды ізгілендіруге бағытталуда. Өмір сүру дағдымызға жаңаша серпін әкелген сондай ізгілікті іс-шаралардың бірі – волонтерлік жұмыстар.
Өмір салтымызға еніп, қоғамымыздың ажырамас бір бөлігіндей бүгінде орын алып үлгерген «волонтерлік» ұғымы бізге дамыған батыс елдерінен 21 ғасырдың басынан бастап ене бастады. Волонтерлік ұғымының қазақша баламасы – еріктілік. Яғни, бұл ешқандай ақшалай сыйақыларды талап етпестен көпшіліктің мүддесі үшін ерікті түрде жүзеге асырылатын өзара көмек пен өзін-өзі қорғаудың дәстүрлі формасы, қаражат жинау, қайырымдылық жасау болып табылады. Волонтерлік қызметті ұйымдастыру үшін ерікті бос жұмыс орындары құрылады, бұл қызмет түріне қатысушылар көмекке мұқтаж жандар мен қоғам игілігі үшін тегін жұмыс жасауға келіседі. Сол арқылы қатысушы адамның қоғамды ізгілендіру бағытындағы көзқарастары айқындалады, қоршаған ортасына деген мейірбандығы, адамдарға деген махаббаты мен сүйіспеншілігі көрініс береді. Түптеп келгенде, осы іс-әрекеттердің бәрі волонтерлік жұмысқа қатысушы жанның өз отанына деген отансүйгіштік сезімімен ұштасып жататынын аңғару қиын емес. Осы арқылы адамдар арасындағы қоғамдық байланыстар жанданады, әркім өз ортасының толыққанды мүшесі екенін сезіне түседі.
«Волонтерлік» ұғымы термин ретінде өмірімізге енгеніне көп бола қоймағанымен, осы ұғым аясындағы іс-әрекеттер қазақ қоғамында ежелден жалғасып келеді. Біздің қазақ халқы бұрыннан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Қарттарын сыйлап, оларға жасалар қамқорлықты қоршаған ортасы өз міндетіне алған. Ел ішінде орын алатын түрлі маусымдық жұмыстарды бірлесе шешкен. Көмекке мұқтаж жандарға «асар» дәстүрімен көмектесіп отырған. Сол арқылы қазақ қоғамы өзінің біртұтастығын сақтап, аймағына береке-бірлігімен танылған. Кейде волонтерлік жұмыстардың елдің береке-бірлігінің көрінісі ретінде көрінетіні сондықтан. Атам қазақ мұны бір ауыз сөзбен: «Адамның күні – адаммен» немесе «қайырымды іс – өмірге ғашық жүректен тарайды» деп қысқаша түрде қорытындылап кеткен.
Еріктілік жұмыстар ел тәуелсіздігін алғаннан кейін жандана түсті. 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды. Мемлекетіміздің мерейін асырған «Қысқы Азия ойындары», «ЭКСПО- 2017» халықаралық көрмесі кезінде жалынды жастарымыз ерікті түрде жұмыс істеп, іс-шаралардың табысты өтуіне өз үлесін қосты. Жастар ел игілігі үшін жұмыс жасау арқылы отансүйгіштіктің ерен үлгісін көрсетіп қана қойған жоқ, өзінің бүтін әлемнің ажырамас бөлігі екенін сезінді, тәжірибесін жинақтады. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен елімізде «2020 жыл – еріктілер жылы» болып жарияланды.
Шығыс жастарының көсемі болған Ғани Мұратбаев есімін оқу орны атауына берген Жетісай гуманитарлық–техникалық колледжіндегі волонтерлік жұмыстар атаулы жыл аясында жарқырай көрінді. Осыған дейін де осы арнадағы істерімен танылған оқу орны жастары ел басшысының бастамасын ерекше қолдап, қайырымды істер мен игілікті іс-шаралардың шын ұйытқысы бола білді. Колледжде осы бағытта «Саналы ұрпақ», «Ізгілік елшілері», «Адал ұрпақ», «Ұшқыр ой», «Достық» клубтары волонтерлік жұмыстарды жолға қойды, қоғамда болып жатқан саяси – экономикалық істерге бей-жай қарамайтын, өз отанының елжанды азаматтары екендіктерін танытып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы акция ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мұқтаж жанға көмек көрсету, жалғызілікті қарттар мен мүгедек жандардың, ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған жандардың тіршілігіне қолғабыс жасау, қайырымдылық көмек ұйымдастыру, түрлі іс-шараларда белсенділік таныту – колледж жастарының азаматтық ұстанымдарына айналған.
Колледждің еріктілер тобының ұйымдастыруымен жыл сайын «Көшетіммен мен еккен, құлпырып ордам гүлденер» көгалдандыру және тазалық жұмыстары, қарттар мен мүгедек жандардың шаруасына қолқабыс жасау шаралары, «Жас келсе, іске», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Таза сессия», «Жылы жүрек – жомарт қол», «Мейірімділік – жүректе», «Спорт – денсаулық кепілі» акциялары өткізіліп келеді. Осы жұмыстарға әр топтардан еріктілер тартылып, тағылымды істің мазмұнды өтуіне мол үлестерін қоса білді. Оқу орнының еріктілері коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты 2020 жылы 16 наурызынан елімізде жарияланған төтенше жағдай тұсында оқшауланған аймақта қалған тұрғындарға қайырымдылық көмек ұйымдастырды, оқу орны тарапынан берілген әлеуметтік көмекті жеткізіп берді. Ал, 2020 жылдың 1-2 мамыр айында Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасы жарылып, тасқын су Мақтарал ауданын басқан тұста, біздің колледждің оқытушы ер азаматтарынан құралған еріктілер тобы алғашқылардың бірі болып көмек қолын созып, апаттың алдын алуға, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге, әлеуметтік көмек ұйымдастыруға, апаттан зардап шеккен аудан тұрғындарына республиканың түкпір-түкпірінен жеткізілген әлеуметтік көмектерді қоймаларға жайғастыру жұмыстарына белсене қатысты. Осы жұмыстар басында оқу орнының жүзден аса еріктілері күн-түн демей жұмыс жасап, тосын апаттың алдын алуға өз үлестерін қосты. Тіпті, колледждің еріктілер тобының кейбір мүшелері Мақтарал, Жетісай аудандары Әкімінің «Алғыс» хаттарымен марапатталды.
Колледждің әрбір жасы қайырымдылық қайтарымға, жақсылық марапат үшін жасалмайтынын жақсы түсінеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «2020 жыл – волонтерлер жылын» қорытындылауға арналған қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарының өкілдерімен кездесуінде: «Жастардың волонтерлік жұмыстарға қатысқан уақыты еңбек өтіліне қосылуы керек» деген ойы оларды тағы да жігерлендіріп, жүрегіндегі мейірімділік пен тұла бойын кернеген күш-қайратты тағылымды жолға бағыттауына жол ашты. Олар сол еңбектері арқылы қоғамдағы келеңсіз жайлардың алдын алып, қайырымдылық іс-шаралар арқылы қоғамды ізгілендіруге бастай алса, шын бақытты сезінгені. Қайырымдылық пен қамқорлық қанында бар халқымыздың жас ұрпағы еліміздің дамуына осылайша үлес қосып, өздерін өркенді елдің озық тұлғалары болуға талпынысын таныта түсуде. Осының бәрі ғұлама ғалым, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында айтылған «адамзат баласының ең ұлы арманының бірі – қайырымды идеал қоғам құру» ойларымен астасып, өсер елдің өркенді ісін әйгілей түсуде.
Колледж директоры : Баймаханова Л.А.