Колледжден кейін қалай жұмысқа орналасуға болады?

КОЛЛЕДЖ ТУРАЛЫ ЖАҢАЛЫҚ

📣 Колледжден кейін қалай жұмысқа орналасуға болады?

Жас түлек , алдыңда өмірдің сан тарау жолы түр. Сен оқу орнында өзіңнің таңдаған мамандығың бойынша теориялық білімді меңгеріп, оны тәжірибеде шыңдап, маман болып толыстың. Енді сен көзі оттай жанған қырандай қанатыңды жазып, қайда жұмысқа орналасуды көздеп, жан-жағыңа ойлана қарап тұрған жайың бар. Сен еңбек нарығының талап етер заңдылықтарын білгенің дұрыс…

📌 Жұмыс беруші сенің жүзіңе қарамайды, сенің теориялық дайындығыңды, тәжірибеде шыңдалған дағдыларыңды бағалайды. Алғашқы кездесудің өзінде-ақ сен алдыңда тұрған болашақ басшыңа біліміңді, мәдениетіңді, дүниетанымың жайлы жақсы әсер қалдыра біл.

Сенің әрбір сөзіңнен жаңалық есіп тұрсын. Ол жаңа толқынның лебін сезінсін.

📌 Түйіндемеңізді сауатты толтырыңыз. Оны толтыру барысында міндетті түрде біліміңізді, іскерлік және жаңа технологиялық дағдыңызды, кәсіби әуестігіңіз бен өмірлік мақсаттарыңызды ашып көрсетіңіз. Түйіндемеге жалған ақпарат енгізілмеуі керек.

📌 Арнайы кәсіби біліміңіз бен әлеуетіңізді танытатын, өзіңіздің дағдыңызды паш ететін жоба әзірлеп, портфолиоңызды жұмыс берушіге ұсыныңыз. Бұл көбінесе педагогикалық, шығармашылық бағыттағы және техникалық мамандықтарға қолайлы.

📌 Жұмыс берушілердің сізге ұсынған жұмысы сіз ойлағандай көңіліңізді толтырмаса, біліңіз, сіз өз кәсібіңізді ашып, олқы тұстарды толтыруға өзіңіздің мүмкіндігіңіз бар. Қазіргі кезеңде жұмыс сұрайтын емес, жаңа жұмыс орнын ашуға қабілетті маман даярлау міндеті басты назарға шыққан.

Колледжден кейін жұмысқа қайда бару керектігін шешудің бірнеше жолы бар:

📌 Тәжірибеден өткен білім мекемелері мен ксіпорындарында жұмысқа орналасуға болады. Сен ол мекемелерде оқу жылы барысында теориялық біліміңді бекіту үшін бірнеше рет тәжірибеден өткенсің. Тіпті жақсы әсер қалдырып , жұрт назарын өзіңе аударған да боларсың. Үйрену мен бейімделуге жол ашқан мекемеде жұмысқа орналасу әлдеқайда тиімді.

📌 Өңіріңіздегі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөліміне барыңыз.Ондағы орта арнаулы оқу орындарын бітірген түлектерге арналған түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Ондағы іске асырылып жатқан «Жастар тәжірибесі» және « Алғашқы жұмыс орным» бағдарламасы бірден назарыңызды аударуға тиіс. Бұған 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Биылғы жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы он екі айға ұзартылды. Сіз жайлы мәлімет мамандардың бірыңғай базасына енгізіліп, диплом бағытына сәйкес жұмыс берушілер арасына таратады. Сұраныс білдірген мекемеде сіз осы бағдарлама арқылы жұмыс жасап, бойыңыздағы кәсіби біліміңізді танытуға және мерзім аяқталған соң тұрақты жұмыспен қамтылуға жол ашасыз.

📌 Оңтүстіктегі Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облысының жастары үшін Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Көкшетау , Шығыс Қазақстан облыстарынан көптеген бос жұмыс орындары ұсынылады. Жергілікті әкімшілік жастарға бос жұмыс орнын ұсынумен қатар тұрғын үй мен мемлекеттік қолдау пакетін де ұсынады.

Егер сіздің кәсіби біліктілігіңіз жоғары болса , неге осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналаспасқа? Осы арқылы жастық жігеріңізді, отаншылдық сезіміңізді паш етесіз.

Қазақстанның болашағы – жастардың қолында.