Жұмыс – ырыстың қазығы, бақыттың бастауы

ІС-ШАРАЛАР

Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі еңбек нарығының сұранысына қарай мамандар даярлау ісімен қатар, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуын басты назарда ұстайды. Жыл барысында серіктес мекемелер мен жұмыс беруші кәсіп иелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып , мамандар даярлау сапасын арттыру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша бірлескен шаралар атқарады. Сондай айтулы іс-шаралардың бірі – Жетісай аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің биылғы бітіруші түлектеріміздің қатысуымен іске асқан «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» болды. Жұмыс – ырыстың қазығы, бақыттың бастауы. Жыл сайын бітірген түлектер арасында оқуды бітірген соң жұмысқа орналасу жайлы ақпаратының аздығынан өзге салаға ауысып, өз мамандығынан алшақтап кетіп жататындары аз емес. Кәсіби бағдар беру – жұмысқа тұруына жол ашып қана қоймай, алған дипломына сай жұмысқа тұру мүмкіндіктерін айқындап береді. Сол мақсатты көздеген іс-шараның алғашқы бөлімі бітіруші түлектерімізге жастардың жұмысқа тұруы бағытында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жұмысқа орналасу тетіктерін түсіндіруге арналды. Жиында сөз алған Жетісай ауданы әкімінің орынбасары С.Пірімбеков, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы» Ә.Әбжановтар аудандағы жұмыссыздықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен колледж түлектеріне арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламаларының маңызын кең түсіндірсе, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Т. Мырзалиев өңір мектептеріне жұмысқа орналасу қалай жүзеге асатынын бейнеқұрылғылардың көмегімен көрсетіп берді. Ал, оқу орны директоры, п.ғ.к. Баймаханова Ләззат Алғибайқызы келешек жас мамандарға шабыт бере сөйлеп, өзі таңдаған мамандықтарының шебері болуды, көп оқып, көп ізденуді аманаттады. Іс-шараның екінші кезеңінде «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» қызметкерлері оқу орны түлектеріне бос жұмыс орындарын ұсынды, еңбек күші аз , мамандарға деген сұранысы жоғары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аудару, сол аймақтардан жұмыспен қамту мәселесінде келіп жатқан ұсыныстар таныстырылды. Сонымен қатар бірқатар жекеменшік мектептердің құрылтайшылары келіп, өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бітіруші түлектермен сұхбаттасу өткізді. Білмегенін біліп, жайлы жұмыс орнын табуға деген түлектер талпынысы жоғары болды. Осы іс-шара арқылы бітіруші түлектер еңбек нарығының сұранысын зерттеп, алдағы жүрер жолына бағыт айқындады деп ойлаймыз. Бағыт айқындалса, мақсатқа жету қиынға соқпасы анық. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде бітіруші түлектеріміздің жекелеген сұрақтарына жауап беріп, сұхбат құрып,еңбек нарығының талаптарын түсіндіре білген «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» қызметкерлеріне және басшысы Ә.Әбжанов ағамызға алғысымыз шексіз. Шарапаты мол осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын таба бермек. Айта кету керек, бітіруші түлектер мен жұмыс беруші мекемелер арасындағы диалогқа құрылған іс-шараның өтуіне директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Аташов Сержан Құлдырақұлы бастамашы болып, жәрмеңкенің жүйелі өтуін жүргізіп отырды.