2021 жылдың 28 қыркүйек күні Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы Ғ. Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Алға жемқорлықсыз Қазақстан!» ұранымен жастар спартакиадасы болып өтті. Спорттық іс-шараны дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісі Б. Нұрымбетов, спорт жетекшісі А.Тұрсынов және Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.
Шараның ашылу салтанатына колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Жетібаева, ішкі саясат бөлімінің бас мамандары Б.Абілдаев пен А.Нөкерәулеті, спорт майталмандары мен ардагерлері қатысты.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға оқу орнынан 30-ға тарта команда қатысып, кіші футбол, арқан тарту, үстел теннисі, қол күресі және воллейбол секілді спорт түрлерінен өзара мықтыларды анықтады.
Спартакиада соңында белсене қатысып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген жекелеген ойыншылар мен жүлделі орындарға ие болған командалар, жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.